Accessibility links

Алматы – Өскемен тас жолында болған жол апатынан төрт адам қаза болды


Алматы – Өскемен тас жолында болған жол апаты. taldykorganec.insta_ Инстаграм парақшасынан алынған скриншот. 10 желтоқсан 2025
Алматы – Өскемен тас жолында болған жол апаты. taldykorganec.insta_ Инстаграм парақшасынан алынған скриншот. 10 желтоқсан 2025

10 желтоқсанда сағат 14:15 шамасында екі көлік бір бірімен соқтығысты. Бұл жөнінде Жетісу облыстық полиция департаменті хабарлады.

Әзірге толық емес ақпарат бойынша, KIA көлігінің жүргізушісі ауа райы күрт бұзылып, жол тайғақ болып тұрған кезде қарама-қарсы бағытқа өтіп кетіп, Toyota көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан төрт адам қаза болған. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Полиция жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Қазақстанда адам қазасына себеп болған жол апаттарының саны азаймай отыр. 7 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха – Усть-Таловка бағытындағы жолда болған апат салдарынан үш адам көз жұмған. Оның алдында 2 желтоқсанда Алматы облысында жол апатынан жеті кісі мерт болды.

24 қараша күні Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында жол апатынан жиынтығы тоғыз адам қазаға ұшырады. 17 қарашада Батыс Қазақстан облысында жолдағы көлік апатынан сегіз адам қазаға ұшыраған. 4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза тауып, бір адам зардап шекті. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

2022 жылы – 2425 адам;

2023 жылы – 2543 адам;

2024 жылы– 2579 адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG