Accessibility links

Ақнәр Гүлістанның қазасы: жақындары тергеу үстірт жүріп жатыр деп санайды


Заңгер Инга Иманбай және Ақнәрдің анасы Гүлістан Хамит. Астана, 12 желтоқсан 2025 жыл.
Заңгер Инга Иманбай және Ақнәрдің анасы Гүлістан Хамит. Астана, 12 желтоқсан 2025 жыл.

Былтыр Алматыда көп қабатты үйден құлап, қаза болған 22 жастағы Ақнәр Гүлістанның қазасына қатысты іс әлі тергеліп жатыр. Жақындары қыздың денесінде зорлық іздері барына, қайғылы оқиға болған күні жанында болған қыздармен жанжал болғаны белгілі бола тұра, істің «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеліп жатқанына наразы.

12 желтоқсан күнгі баспасөз жиынында заңгер Инга Иманбай марқұмның анасы тергеуге жаңа материалдар ұсынғанын, алайда ол құжаттар назарға алынбағанын жеткізді.

"Тергеу әлі де 105-бап аясында жүріп жатыр. Бұл дегеніңіз «өзін өзі өлтіру я өзін өзі өлтіруге итермелеу». Тиісінше тергеу ісі, сараптамалар «Ақнәр өзін-өзі өлтіруі мүмкін ба әлде жоқ па» деген сұраққа жауап іздеумен жүріп жатыр. Біз, қорғаушылары, істі 99 бап – "Адам өлтіру" бабына ауыстыруды бірнеше рет сұрадық. Өзгертілмеді. Дегенмен қайғылы оқиға жанжалдан кейін болғанын, Ақнәрдің денесінде зорлық іздері барын ескере отырып, іс кем дегенде 106-бап – «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен жүруі тиіс еді. Оның жазасы да ауыр – 12 жылға дейін сотталу жазасы қарастырылған" деді Инга Иманбай.

Жұма күнгі жиында марқұмның анасы Гүлістан Хамит іс ҰҚК-ға қарасты "сыбайлас жемқорлықпен күрес" бөліміне өткеннен кейін тергеу жылжиды деген үміт болғанын, алайда үміті ақталмағанын жеткізді. Ол іс бойынша жаңа деректерді тапсырғанмен тергеу "қыздардан алынған сол бірнеше сұрақ төңірегінде алынған жауап пен сол бойынша тағайындалған сараптама нәтижелерінен" аспағанын айтты.

- Іс антикорға барғаннан кейін әділ тергеліп жатыр, прокуратура қадағалап отыр деп ойлағанмын. Бұл жерде айтады: «Ақнәрдің психологиялық жағдайы жақсы болған, бірақ ол ішіп алғаннан кейін кішкене мас болып, құлап кеткен болуы керек» дейді. Адвокаттармен бірге барып сот-медициналық сараптама қорытындысы менің қызымнан ішімдік таппағанын айттым. "Сендер мынаны қайдан тауып отырсыңдар, "ішіп алса" деген не ол?" десем, бір жарым жылдан бері қарай істе болмаған "хирургтің болжамы" деген бір жарым парақ қағазды әкеп іске қосып қойған, - деді марқұмның анасы Гүлістан Хамит.

Бойжеткеннің өлімінен бір жыл бес ай өтсе де, оқиға болған түні пәтерде не болғаны анық емес. Анығы – Ақнәр ол үйге 19 шілде күні кешкі 19:40-та кіріп, түнгі 2:54-те 7 қабаттан құлаған. Гүлістан қызының қазасын оқиға күні жанында болған екі құрбысынан көреді. Істе екі қыз – қорғануға құқығы бар куәгер.

Гүлістан Хамит Алматы қаласы құқық қорғау органдарына сенімсіздік танытатынын айтып, тергеуді Астанада жүргізуді сұрап отыр.

«Астанада әділетті тергеу жүргізсін. Ұсынып отырған дәлелдер негізінде тергеп-тексеру амалдарын жүргізсін, нақты қорытынды шығарып берсін. Алматы – Астана арасында жүргеніме бір жарым жыл болды», – дейді марқұмның анасы.

Қылмыстық істе аты аталатын екі қызға Азаттық хабарласа алмады. Олардың адвокаттары да телефон қоңырауларға жауап бермеді. Бұған дейін Tengrinews олардың бірінің адовкатымен сөйлескенін, адвокат өзінің қорғауындағы адамның "Ақнәр терезеден құлаған сәтте жуынатын бөлмеде болды" дегенін жазған.

Ақнәрдің өліміне байланысты қозғалған істі әуелде полиция жүргізген, кейін жемқорлыққа қарсы агенттікке өткен. Ол агенттік маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған соң іс қазір осы комитеттің құзырында. Алайда марқұмның анасы істі Бас прокуратура өзінің бақылауына алса дейді.

XS
SM
MD
LG