Accessibility links

Орал соты Қазақстанға қашып келген ресейлік жасөспірімді еліне қайтару туралы шешім шығарды


Орал соты. Көрнекі сурет.
Орал соты. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласының № 2 соты саяси себеппен Қазақстанға қашып келген ресейлік жасөспірімді еліне қайтару туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде “Уральская неделя” басылымы жазды.

Сот шешімі 5 желтоқсанда шыққан. Сот 16 жастағы Тимур Турковты “шекараны заңсыз кесіп өтті” деп кінәлі тауып, 5 жыл Қазақстан аумағына кіруге тыйым салған. Басылымның жазуынша, жаөспірім Ресейде 5 жыл бостандықты шектеу жазасын өтеуі керек.

Басылымның жазуынша, Турков Коми республикасынан қыркүйек айында келген. Ол Ресей билігінің саясатымен келіспей, 18 жасқа толғаннан кейін соғысқа алып кетеді деп қауіптеніп, көрші Қазақстанға өткен. Осы жерде саяси баспана алуға өтініш бермекші болған. Шекараны жаяу кесіп өткеннен кейін шекара қызметі оны ұстап, әлеуметтік қорғауға зәру балалар орталығына жіберген.

Турков “Уральская неделя” басылымына оны жолда ресейлік ФСБ-ның полковнигі тергегенін, ал мемлекет тағайындаған адвокат оның саяси себеппен келгені туралы айтқандарын ескермегенін айтқан.

"Адвокатпен бізде ылғи мүдделер қақтығысы туындады: ол үнемі маған "Ресейге оралу керек, себебі ондағылар сені сағынып, күтіп отыр" деп айта берді. Елімдегі саясаттың салдарынан қашып кеттім деген уәжімді тыңдамай келеді. Ал менімен сөйлескен полициядағылар маған жанашырлықпен және түсіністікпен қарады" дейді Турков.

Жасөспірім аймақтағы мектептердің милитаризацияланғанын, Украинада қаза болған ресейлік сарбаздардың жерлеу рәсіміне жоғары сынып оқушыларын қарауыл қылып қойып қоятынын айтқан.

Оның сөзінше, өзінің ауылынан барған 12 сарбаз соғыста өлген, тағы 5 адам із-түзсіз жоғалған.

"Мен қалыпты өмір сүруді армандаймын және бөтен біреудің соғысында өлемін бе деп ойлағым келмейді" деді жасөспірім басылымға.

Сот шешімінің қашан күшіне енетіні және қорғау жағында оны даулау мүмкіндігі бола ма, жоқ па, белгісіз.

XS
SM
MD
LG