Accessibility links

Қытай "Талибаннан" тәжік шекарасындағы өз азаматтарына шабуылды тергеуді талап етті


Ауған-тәжік шекарасы.
Ауған-тәжік шекарасы.

Қытай "Талибан" үкіметінен ауған-тәжік шекарасындағы өз азаматтарының өлімін тергеуді талап етті.

Ресми Пекин мұндай талабын 10 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтты. Қытай өкілі Фу Гун қытай азаматтарының өлімін қатаң айыптап, оқиғаны "қауіпсіздікке қатер төндіретін" алаңдатарлық оқиға деп атады.

Фудың айтуынша, ДАИШ, "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы", "Техрик-и-Талибан Пәкістан" сияқты террористік топтар Ауғанстанда әлі де белсенді. Пекин оларды жоюға шақырды.

Фу Кунг мұндай нәрсе қайталанбас үшін Тәжікстан мен тәліптерді шекарадағы бақылауды күшейтуге де шақырды. Оның сөзінше, Пекин аймақта тұрақтылықты қамтамасыз етіп, үйлестіруді нығайту бойынша әріптестік орнатуға дайын.

Кейінгі айларда Тәжікстанда Ауғанстан шекарасына жақын жерде қытай жұмысшыларына екі рет шабуыл жасалды.

Біріншісі 26 қарашаға қараған түні болды. Ауғанстан жағынан жасалған қарулы шабуылдың салдарынан үш қытай азаматы қаза болды.

Екінші шабуыл 1 желтоқсанға қараған түні Таулы-Бадахшан автономды облысы Дарваз ауданы Вишхарв елді мекенінде болды. Соның салдарынан екі қытай жұмысшысы өлді.

Осы оқиғадан кейін Қытайдың Тәжікстандағы елшілігі сондағы қытай компаниясының қызметкерлерін аталған аумақтан кетуге шақырды.

Душанбе шабуылға ауған аумағындағы қарулы топтарды кінәлады. 1 желтоқсанда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон күштік құрылым басшыларымен жиналыс өткізіп, Ауғанстанмен шекарадағы оқиғаның қайталануына жол бермес үшін шара қолдануды тапсырды.

Өткен аптада ауған ақпарат құралдары "Талибанның" өкіліне сүйене отырып, Тәжікстанмен шекара аумағында екі күдікті ұсталғанын жазды.

Әзірге бірде бір террористік топ Қытай азаматтарының қазасын мойнына алған жоқ. Тергеу нәтижесі жабық күйде қалып отыр.

XS
SM
MD
LG